Баян-Өлгийде 100-ден аса үй қирап, 700 адам баспанасыз қалды
Шілденің 10-ы күні Моңғолияның этникалық қазақтар шоғырланған Баян-Өлгий қаласында су тасқыны жүріп, 100-ден аса үй қирады, 700-дей адам баспанасыз қалды. Адам шығыны да бар.
Баян-Өлгий қаласының тұрғыны Мұратбек Бәдейұлының айтуынша, 15 минуттай ғана жауып өткен бұршақтан кейінгі тасқыннан адам шығыны да болған.
- Шілденің 10-ы шамамен кешкі сағат бес мөлшерінде 15 минуттай бұршақ жауды. Бұршақтан соң қаланың бір жақ шетінде көшкін болып, 200-ге жуық үйді қора-қопсысымен қоса шайып кетті. Құлаған үй астында төрт жасар бала қалып қойған. Селден кейін құлаған бағандағы электр сымына соғылып тағы бір адамның мерт болған, - дейді ол Азаттыққа.
Қала тұрғындарының айтуынша, қаланың ортасын жарып ағатын Қобда өзенінің сол жақ жағалауындағы үйлердің бір бөлігі тасқын кезінде су астында қалған.
«ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР КИІЗ ҮЙДЕ ОТЫР»
Азаттық тілшісі хабарласқан моңғолиялық блогер Жанарбек Ақыби «үш күннен бері су шайған аумақты аралап, жағдайды бақылап жүргенін» айтады.
- Жылдам әрі қатты болғаны сонша, 10 неше минут ішінде түскен бұршақ қалыңдығы бес сантиметрден асып кетті. Қала маңы тау болғандықтан, ерігенде суы жерге сіңбей көшкінге ұласып, қаланың алтыншы, тоғызыншы бөліктерін су алып кетті. Көшкін қатты болғаны сонша, үйлердің төбесі ортасына түсіп, қабырғалары қақырап кеткен. Тіпті су шайған жерге қайтадан үй тұрғызу мүмкін емес, - дейді Жанарбек Ақыби.
Блогер Азаттық тілшісіне «Үйін су шайып кеткен тұрғындардың кейбірі киіз үй тігіп, уақытша паналап отырғанын » айтты.
- Өлгейдің (қаланы айтады – ред.) үстінде қара бұлт әлі сейілген жоқ. Көшкін қайталануы мүмкін деген күдікпен көлігі барлардың бәрі тауда жүр. Аймақ әкімшілігі мен комиссия мүшелері де көшкін қаупі болады деген таулы аймақтағы жолдарды бақылаумен шектеліп отыр. Жапа шеккендерге үй салуға жер бөлініп берілді. Басқа көмек көрсете алған жоқ, - дейді Ақыби.
Жанарбек Ақыбидің сөзін Баян-Өлгий аймағы әкімі Дәрмен Құзыкейұлы да растады.
- 170 үй көшкін жолында қалып қойды. Соның 100-і тұруға мүлдем жарамсыз болып, 700 адам баспанасыз қалды. Қазір мүмкіндігі барлар аймақ әкімі тарапынан бөлінген жерлерге уақытша кигіз үй тігіп отыр. Ал мүмкіндігі жоқтар мектеп жатақханаларына орналасты. Әзірге аймақ әкімдігі тарапынан көрсетілген көмек осы ғана. Енді үкіметтен үй салуға қаржылай көмек сұрап жатырмыз, - дейді әкім.
Төрт жасар баланың үй астында қалып қойғаны туралы деректі растаған Дәрмен Құзыкейұлы «мал-мүлік шығыны әлі толық есептелмегенін» айтты.
«КӨМЕК КЕРЕК»
Ал Жанарбек Ақыби «селден зардап шеккендер үйсіз қаламыз ба деп қатты алаңдап отырғанын» айтады.
- Зардап шекендерге қайта үй салу мәселесін әзірге ешкім шеше қойған жоқ. Халықтың алаңдауына меніңше үш үлкен себеп бар, - дейді ол.
Жанарбек Ақыби «ең бірінші себеп» ретінде жақында өткен (маусымның 29-ы) Моңғолия парламенті сайлауын атады.
- Заң бойынша сайлауда кейін билік 30 күн ішінде ешқандай қаржыға бұйрық шығара алмайды. Сондықтан жаңа басшылар (парламентте жаңадан құрылатын үкіметті айтады – ред.) жұмысына тез келгені дұрыс, - дейді Ақыби.
Ол «Зардап шеккен жұртқа қаржылық тұрғыдан әзірге жеке тұлғалар ғана көмектесе алатынын» айтады.
Моңғолия қазақтарының табиғат апатынан зардап шеккені туралы дүрбелең бұл елден оралмандар көшіп келіп жатқан Қазақстанға да жеткен. Қазақстандық белсенділер Facebook желісінде бүгін жылу жинай бастағандарын хабарлады. Соның бірі Аятжан Ахметжан Азаттыққа:
- Қазір ол жақпен Амангелді Құрметұлы деген азамат хабарласып, қандай көмек керегін ұғысып жатыр, келесі дүйсенбі аударылған ақша болса және басқа да көмектерді алып Аманкелді екеуіміздің біріміз жол тартамыз, – дейді.
Саны 150 мың деп шамаланатын және көршілігі Баян-Өлгий аймағында тұратын этникалық қазақтар Моңғолия халқының 5 пайызы болады.
Дереккөз: Азаттық радиосы
#omir_news